«Біздің ведомствоға Pfizer вакцинасын еліміздің сыртқы істер министрлігі арқылы гуманитарлық көмек ретінде беру мүмкіндігі туралы ұсыныс түсті. Вакцина 5 пен 11 жас аралығындағы балаларға арналған. Қазір аталған ұсыныс пысықталып, вакцинаны қабылдау мүмкіндігі талқыланып жатыр. Елімізде балаларға арналған Pfizer вакцинасы бітіп қалған. Айта кетсек, аталған екпе 12 жастан жоғары жасөспірімдерге салынады», - деді Марал Рақымжанова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, АҚШ-тан гуманитарлық көмек ретінде жеткізілуі мүмкін Pfizer вакцинасыың көлемі белгісіз. Себебі, мәселе қаралып жатыр.
«Қазіргі таңда елімізде шамамен 570 мың доза вакцина бар. Оның ішінде QazVac 225 мың және Sinopharm 345 мың доза. Ересектер үшін Pfizer вакцинасы жоқ», - дейді ол.
Еске сала кетсек, қазан айының ортасында еліміздің денсаулық сақтау министрлігі 11 миллионға жуық қазақстандықтың коронавирусқа қарсы екпе алғаны туралы хабарлаған еді.