АҚШ-та заңсыз жүрген миллионнан астам адам өз еркімен елдеріне қайтты

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM - Қаңтар айынан бері мыңдаған адам «өз еркімен депортациялану» бағдарламасы бойынша елдеріне қайтты, деп мәлімдеді АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм.

Бұл ретте құжаты жоқ жүздеген мигранттың мемлекеттің көмегіне жүгінбестен өз еркімен кеткенін айта кету керек, деп хабарлайды DW.

Ноэм келтірген мәліметтерге қарағанда, қаңтар айынан бері қылмыс жасаған жүздеген мың мигрант тұтқындалды. Ал соңғы үш айда елге заңсыз бірде-бір адам кірмеген.

- Шекараның осыншалық қауіпсіз болуы бірінші рет болып отырған жағдай, - деді Ноэм Чикагода өткен баспасөз мәслихатында.

Ноэм «Демократиялық штат» билігі заңсыз жүрген мигранттарды депортациялауға қарсы екенін сенімді түрде мәлімдеді.

Ақ үйдің «өз еркімен депортациялану» бағдарламасы аясында АҚШ-та тұрып жатқан заңсыз мигранттар мың доллар көлемінде «стипендия» мен еліне қайту үшін ұйымдастыру көмегін ала алады. Өз кезегінде бұл көмек миграциялық және кеден полициясымен болуы ықтимал проблемалардан құтқарады.

Айта кетейік, Нью-Йоркте иммиграциялық рейдтерге қарсы наразылық акциясы өткен болатын.