АҚШ тарихында алғаш рет барлық штатта төтенше жағдай режимі жарияланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – АҚШ тарихында төтенше жағдай режимі алғаш рет барлық штатта қолданылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат dw.com сайтына сілтеме жасап.

АҚШ-та алғаш рет барлық штатта бір мезгілде қолданылатын төтенше жағдай режимін енгізу федералды және жергілікті деңгейде мемлекеттік қаржыландыруға қол жетімділікті жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Президент Дональд Трамп 11 сәуірде коронавирус пандемиясына байланысты АҚШ-тың батысындағы Уайоминг (Wyoming) штатында «ауқымды апат» режимін енгізу туралы декларацияны жариялады. Осылайша, бұл жағдай ел тарихында алғаш рет барлық 50 штатқа және Колумбия федералды округына қолданылады.

«Президент барлық америкалықтардың денсаулығын қорғауға қатысты губернаторлардың өтініштеріне жауап беруді жалғастыруда», - деп атап өтті Ақ үйдің баспасөз хатшысының орынбасары Джуд Дир.

Уайоминг губернаторы Марк Городон Трампқа 9 сәуірде тиісті өтініш жолдаған. Ол кезде штатта 200-ден астам коронавирус инфекциясы тіркелген.

«Уайоминг кейбір басқа штаттар сияқты қиын жағдайға әлі тап болған жоқ, бірақ бұл декларация бізге қажет кезде ресурстарды дайындауға және жұмылдыруға көмектеседі», - деді Гордон.

Ақ үй төтенше жағдай федералды және жергілікті деңгейде, сондай-ақ бірқатар ұйымға қатысты мемлекеттік қаржыландыруға қол жетімділікті жеңілдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Балтимор штатындағы Джон Хопкинс атындағы университеттің мәліметі бойынша, 12 сәуірде елде SARS-CoV-2 инфекциясын жұқтырған 529 951 жағдай тіркелген. 20 608 адам вирустан қайтыс болған. 32 091 адам сауығып шыққан. Ал АҚШ қазір әлемде пандемиядан қайтыс болғандар саны бойынша алдыңғы орында.