Бахрейн, Израиль, Ирак, Иордания, Кувейт, Ливан, Оман, Катар, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі АҚШ дипломатиялық өкілдіктері қауіпсіздік саласындағы жағдай күрделі күйінде қалып отырғанын мәлімдеді.
– Әскери қақтығыс тез арада ушығуы мүмкін, – делінген АҚШ дипломатиялық өкілдіктерінің ескертуінде.
Сондай-ақ америкалық азаматтарға әуе рейстерінің тоқтатылуы, әуе кеңістігінің жабылуы және көлік қатынасындағы іркілістер болуы мүмкін екені ескертілген.
Мұндай ескерту хуситтердің сенбі күні Сауд Арабиясындағы нысандарға баллистикалық және қанатты зымырандар, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданып екі операция жүргізгенін мәлімдеуінен кейін жасалды.
Хуситтердің мәліметінше, алғашқы операция Эр-Риядтағы маңызды нысандарға, ал екіншісі Янбудағы Aramco компаниясының нысандарына бағытталған.
Кейін Сауд Арабиясы бастаған коалиция өкілі корольдіктің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Эр-Риядқа бағытталған баллистикалық зымыранды ұстап қалғанын растады. Оның айтуынша, хуситтер Байш, Таиф, Фарасан және Янбу қалаларына да соққы жасаған.
Сенбі күні Эр-Рияд тұрғындары Король Халид атындағы халықаралық әуежай аумағында от пен түтін көргенін хабарлаған.
Хуситтер шілде айында Сауд Арабиясына теңіз блокадасын жариялаған. Содан бері Сауд Арабиясының қалалары мен кемелеріне жасалған шабуылдар Таяу Шығыстағы шиеленісті күшейте түсті.
Сауд Арабиясы да хуситтерге қарсы соққылар жасап келеді.