АҚШ Таяу Шығыстағы «Линкольннің» орнына «Вашингтон» ұшақ тасушы кемесін жіберді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Таяу Шығыстағы USS Abraham Lincoln ұшақ тасымалдағышын алмастыру үшін USS George Washington бастаған жаңа ұшақ тасымалдағыш тобын жіберді, деп хабарлайды Еuronews .

Фото: @BLT21_/Х

АҚШ әскери күштері бейсенбі күні жаңа ұшақ тасымалдағыш тобының Таяу Шығысқа келгенін хабарлады. Ал осы кезде аймақта миссия орындап жүрген USS Abraham Lincoln бортындағы жағдайға қатысты алаңдатарлық ақпараттарға байланысты Дональд Трамп әкімшілігі сынға ұшырап жатыр.

Бұл мәлімдеме өткен жылғы қарашадан бері теңізде жүрген USS Abraham Lincoln бортындағы ауыр жағдай туралы америкалық БАҚ-та материалдар жарияланғаннан бірнеше күн өткен соң жасалды.

Өткен жұмада Трамп «Линкольндегі» әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайы мен психологиялық ахуалына қатысты алаңдаушылықты жоққа шығарды. Дегенмен ол кеменің жақын арада әскери іс-қимылдар аймағынан шығарылатынын айтты.

Журналистер одан USS Abraham Lincoln-дегі жағдайға әскери қызметшілердің туыстары алаңдап отыр ма деп сұраған.

– Жоқ, алаңдамайды, – деп жауап берді Трамп.

АҚШ президенті ұшақ тасымалдағыштың басқа кемемен алмастырылатыны туралы ақпаратты да растады.

– Бұл кеме қазірдің өзінде жолда немесе жақын арада аттанады. Оны соған өте ұқсас басқа кеме алмастырады, – деді ол.

Америкалық БАҚ, соның ішінде әскери тақырыпқа маманданған басылымдар экипаж мүшелерінің көптеген туыстарына сілтеме жасап, USS Abraham Lincoln бортындағы тұрмыс жағдайының нашарлағанын хабарлады. Сонымен қатар бірнеше адамның өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені туралы ақпарат тарады.

Теңізшілердің отбасылары келтірген мәліметтердің арасында екі әскери қызметшінің кемеден суға секіруге әрекет жасағаны туралы ақпарат та бар.

АҚШ әскери күштері 3 тамызда теңізге құлаған бір теңізшінің құтқарылғанын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, биыл наурызда АҚШ-тың ең ірі ұшақ тасымалдағыш кемесі Қызыл теңізге кіркенін жазған едік.