АҚШ Таяу Шығыстың энергетика нысандарын қалпына келтіруге $5 млрд жұмсамақ

АСТАНА. KAZINFORM — Трамп әкімшілігі Таяу Шығыс елдеріне Иранмен соғыс кезінде зақымдалған энергетика инфрақұрылымдарын қалпына келтіруге көмектесетін жаңа қорға 5 миллиард доллар инвестиция салуды ұсынды, деп хабарлайды Reuters.

Фото: The Diplomatic Insight

Агенттіктің The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасай отырып хабарлауынша, арнаулы қор аймақ елдерінің мұнай мен газ тасымалдаудағы Ормуз бұғазына тәуелділігін азайтуға да жәрдемдеседі.

WSJ хабарлауынша, ұсыныс аясында АҚШ 5 миллиард доллар инвестиция салады. Басылым бұл жөнінде АҚШ және Таяу Шығыс елдерінің шенеуніктерінен, сондай-ақ құжаттарға сілтеме жасайды.

Ал Reuters бұл ақпаратты дербес түрде растай алмағанын ескертеді.

Еске сала кетейік, Тегеран Вашингтонға әскери текетірестің одан әрі өршуі мүмкін екенін ескерткен болатын.