АҚШ-тың 25 пайыз экспорт бажы Қазақстан фермерлеріне қалай әсер етеді

Фото: Jim Allen / FreightWaves

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында АҚШ белгілеген 25 пайыз экспорт бажы Қазақстан фермерлеріне қалай әсер ететінін айтты.

— Бұл ақпарат бүгін ғана пайда болды ғой. қазір талдау жасап бастадық. Қазақстанға АҚШ-тан не жіберіп жатқанын, қалай жіберіп жатқанын, ол экспортқа біздің жақтан қандай қолдау бар екенін зерделейміз. Содан кейін барып шешім қабылдаймыз. Осы бағытта Сауда және интеграция министрлігімен бірге жұмыс істейміз. Кейін Серік Мақашұлы (Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі — ред.) шешім қабылдайды, — деді ол.

Айтуынша, Қазақстан АҚШ-қа өсімдік шаруашылығының өнімдерін экспорттайды.

— Жалпы өсімдік шаруашылығын алсақ, крахмал, желімтек (клейковина) экспортын қолдау шараларын бүгін қарастырып жатырмыз. Сондықтан бұл баждың соншалық әсері болмайды деп ойлаймын, — деді Айдарбек Сапаров.

Айта кетейік, ақпарат алаңында АҚШ Президенті ресми Астанаға Қазақстан тауарларына 25 пайыздық баж салығын енгізгені туралы хат жолдағаны жөнінде ақпарат тарап жатыр. Дәл осындай баж Жапония мен Оңтүстік Корея тауарларына да салынып отыр.