Құжатта айтылғандай, ядролық күштерді жаңарту және әртараптандыру, сондай-ақ ядролық саладағы басқару, бақылау және байланыс жүйелерін жетілдіру арқылы бұл бюджет АҚШ-тың қорғанысының негізі саналатын тежеу жүйесін қолдауға бағытталған. Бұл жүйе ел аумағына және стратегиялық маңызды мүдделеріне төнетін қауіптерге қарсы тұру үшін қажет.
Атап айтқанда, Вашингтон әкімшілігі келесі жылы жаңа ядролық оқтұмсықтарды әзірлеуге қаржы бөлуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, қорғаныс үшін аса маңызды болып саналатын оқ-дәрінің 12 түрін сатып алуға және олардың өндірісін кеңейтуге қаржы бөлу көзделген. Алайда нақты қандай қару түрлері екені жарияланбаған.
Құжатта бұл инвестициялар АҚШ-тың қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, болашақта оқ-дәріні кең көлемде өндіруге мүмкіндік беретіні айтылған.
Сонымен бірге, АҚШ сыртқы саясат пен шетелге көрсетілетін көмекті қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл қысқарту Біріккен Ұлттар Ұйымына төленетін жарналарды да қамтиды.
Атап айтқанда, АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті мен шетелдік көмек бағдарламаларына 35,6 млрд доллар бөлу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,5 млрд долларға немесе 30%-ға аз.
Сонымен қатар:
халықаралық ұйымдарға, соның ішінде БҰҰ-ға жарналар 2,7 млрд долларға қысқарады;
гуманитарлық көмек – 2 млрд долларға;
азық-түлік көмегі – 1,2 млрд долларға;
денсаулық сақтау бағдарламалары – 4,3 млрд долларға қысқармақ.
Ал одақтастарға әскери көмек көрсетуге, оның ішінде қару-жарақ жеткізуге 18 млрд доллар қарастырылған. Бұл бюджет жобасында Украинаға жеке көмек туралы нақты айтылмаған.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ армиясында әйелдер ерлермен бірдей әскери дайындықтан өтетіні хабарланды.