АҚШ-тың Денвер әуежайында ұшақ адамды қағып кетті

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ-тың Денвер халықаралық әуежайында Frontier Airlines компаниясына тиесілі Airbus A321 ұшағы ұшу-қону жолағында адамды қағып кеткен, деп хабарлайды BILD.

Фото: BILD

Оқиға 8 мамыр күні кешке болған. Ұшақ Лос-Анджелеске бағытталған рейске шығу үшін ұшу жолағына бет алған кезде адам кенеттен ұшу алаңына шығып кеткен.

Оның ол жерге қалай келгені әзірге белгісіз.

ABC News таратқан мәліметке сәйкес, ұшқыш диспетчерлермен байланысқа шығып, жағдайды бірден хабарлаған.

Радиоэфир жазбасында пилот:

-Біз тоқтадық. Бір адамды қағып кеттік, — деген.

Кейін ол қозғалтқышта өрт белгілері пайда болғанын да хабарлаған.

Диспетчерлер дереу әуежайдағы барлық қозғалысты тоқтатқан. Ұшақтағы жолаушылар саны нақтылауға алынған.

Оқиға орнына өрт сөндіру және құтқару қызметтері жіберілген.

Жолаушылар автобустар арқылы әуежай ғимаратына эвакуацияланған.

Әзірге Frontier Airlines тарапынан да, полициядан да ресми қорытынды берілген жоқ.

Оқиғаны АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі тергеп жатыр.

Осыған дейін Оңтүстік Кореяда жойғыш ұшақтар соқтығысқаны туралы жаздық.