АҚШ-тың Флорида штатында табиғи өрт өршіп барады

АСТАНА. KAZINFORM - Флорида штатында ауқымды табиғи өрт әлі толық ауыздықталған жоқ NBC.

Фото: видеодан алынған кадр

Өрт Майами-Дейд және Бровард округтері аумағында таралып жатыр.

NBC арнасының хабарлауынша, жалын U.S. 27 тасжолының батысындағы шамамен 4,8 мың акр аумақты шарпыған.

Қазірге дейін өрттің тек 20 пайызы ғана бақылауға алынған.

Оқиға орнында Майами-Дейд пен Бровардтың өрт сөндіру және құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр.

Өртті сөндіруге авиация да тартылған.

Тікұшақтар мен ұшақтар әуеден су шашып жатыр.

Қою түтін салдарынан кей аудандарда көрініс күрт қиындаған.

Билік тұрғындарды қауіпті аймаққа жақындамауға шақырды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жалын тұрғын үйлерге дейін жеткен.

Кей аумақта эвакуацияға арналған жалғыз жолды өрт жауып қалған.

Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Осыған дейін АҚШ-тың Джорджия штатында болған екі ірі орман өрті салдарынан 120-дан астам тұрғын үй қирап немесе зақымданғаны туралы жаздық.