АҚШ-тың Иранға жаңа соққыларынан кейін мұнай бағасы күрт өсті

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Ирандағы нысандарға жаңа соққы жасауына байланысты әлемдік мұнай баррелінің бағасы бір доллардан астам сомаға қымбаттады, деп хабарлайды Reuters .

Фото: ParsToday

Сәрсенбі күні мұнайдың екі негізгі эталондық маркасы соңғы екі аптадан астам уақыттағы ең жоғары деңгейде жабылды. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қарсы жаңа соққылар жасалуы мүмкін екенін мәлімдеуі әсер етті.

Сонымен қатар Трамп Иранмен уақытша жасалған соғысты тоқтату туралы келісімнің «аяқталғанын» айтқанымен, толық ауқымды соғыс болмайтынын жеткізді.

Brent маркалы мұнай фьючерстері бір барреліне 79,28 долларға дейін көтерілді. Сауда сессиясының соңында бұл көрсеткіш 5 пайыздан астам өсіп, 78,02 долларды құрады.

Ал америкалық West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнай фьючерстерінің бір баррелінің бағасы 74,76 долларға жетті. Бұл алдыңғы сессиядағы 73,52 долларлық жабылу бағасынан жоғары.

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) сәрсенбі күні Ормуз бұғазы арқылы кемелердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында Иранға қарсы жаңа соққылар басталғанын хабарлады.

Reuters агенттігіне пікір білдірген америкалық шенеуніктің айтуынша, АҚШ-тың бұл жолғы операциясы сейсенбі күнгі шабуылдардан ауқымдырақ болады.

Ирандық бұқаралық ақпарат құралдары Бендер-Аббас, Әбу-Муса, Бушер және елдің басқа да аудандарында жарылыстар болғанын хабарлады.

Жаңа соққылар Ормуз бұғазындағы кемелерге Иран жасаған шабуылдардан кейінгі шиеленістің күшеюінен соң жасалды. Осы оқиғалардан кейін АҚШ өткен айда тараптар арасындағы уақытша келісім аясында қабылданған Иран мұнайын сатуға қатысты санкцияларды жеңілдету туралы шешімнің күшін жойды.

Сәрсенбі күні Иран Бахрейн мен Кувейттегі америкалық әскери нысандарға соққы жасағанын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде АҚШ жаңа шабуылдар ұйымдастырды.

Иранмен қақтығыс басталғанға дейін Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бірі тасымалданатын. Сондықтан Тегеранның осы теңіз жолын бақылауы қақтығыстағы негізгі тетіктердің бірі саналады.

Сейсенбі күні екі танкерге жасалған шабуылдан кейін теңіз қауіпсіздігі органдары Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелер үшін қауіп деңгейін «елеулі» деңгейге дейін көтерді.

Айта кетейік, АҚШ әскері Ирандағы нысандарға кезекті рет соққы жасағанын жаздық.