АҚШ-тың Иранмен соғысқа жұмсаған шығындары 16 қазандағы жағдай бойынша 47,1 миллиард долларға (шамамен 21,53 триллион теңге) жетті. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, бұл көрсеткіш АҚШ Конгресіне ұсынылған Пентагонның жаңа бағалауында көрсетілген.
Қыркүйектің басындағы 43,6 миллиард доллармен (19,93 триллион теңге) салыстырғанда шығындар 3,5 миллиард долларға (1,6 триллион теңге) өсіп отыр.
Бұл көрсеткіш АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет шілдеде жариялаған 37,5 миллиард доллардан (17,14 триллион теңге) 25%-ға жоғары. Шығындардың негізгі бөлігі, шамамен 29 миллиард доллар (13,26 триллион теңге), әскери операциялар кезінде жұмсалған оқ-дәрі қорын толықтыруға жұмсалды. Бұған, атап айтқанда, Patriot және Terminal High Altitude Area Defense (THAAD) секілді әуе және зымыран шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне арналған қымбат зымырандар кіреді.
Тағы 11,9 миллиард доллар (5,44 триллион теңге) пайдалану шығындары, ал ұшақтар мен дрондарды қоса алғанда, әскери техника мен жабдықтардың орнын толтыру үшін 6 миллиард доллардан астам (2,74 триллион теңге) қаражат қажет.
Ұсынылған деректерге сәйкес, АҚШ әуе күштерінің шығындары 7,6 миллиард долларға (3,47 триллион теңге) жетті, армияның шығындары 2 миллиард доллардан (914 миллиард теңге) асты, ал Әскери-теңіз күштерінің шығындары шамамен 1,45 миллиард долларды (663 миллиард теңге) құрады. Алайда Пентагон есебінде Иранның зымыран соққылары мен дрон шабуылдарынан зақымдалған Американың Таяу Шығыстағы әскери базаларын қалпына келтіру шығындары ескерілмеген. АҚШ Қорғаныс министрлігінің мәліметтері бойынша, Кувейт, Бахрейн, Катар, БАӘ, Сауд Арабиясы, Ирак, Оман және Иорданиядағы базалардағы жүздеген нысан зақымдалған.
Пентагонның ресми дерегінде қақтығыс кезінде АҚШ-тың 21 әскери қызметшісі қаза тауып, тағы 865 адам жараланғаны келтіріледі.
Қайтыс болғандардың 18-і тікелей шайқастарда, авиациялық апаттар және Иран дрондарын бейтараптандыру кезінде опат болған.
Әскери шығындар 3 қарашаға белгіленген Конгреске аралық сайлауға дайындық жүріп жатқан тұста артып отыр. Демократиялық партия қақтығыстың қаржылық салдарын айтып, әрі қашан аяқталары белгісіздігін алға тартып Трамп әкімшілігін сын астына алған.
Ал Ақ үй 1,5 триллион долларлық (шамамен 685,64 триллион теңге) қорғаныс бюджетін, сондай-ақ Иранмен соғысқа және басқа да бағыттарда жұмсалатын қосымша 95 миллиард долларлық (43,42 триллион теңге) қаржыландыру пакетін мақұлдауды сұрап отыр.
Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қатынасы шектелуіне байланысты әлемдік энергия көздерінің қымбаттауы АҚШ экономикасына қосымша қысым жасап отыр. Америка автомобиль қауымдастығының мәліметі бойынша, АҚШ-та бір галлон (3,7 литр) дизель отынының бағасы 6,35 долларға (2903 теңге) жетті, бұл былтырғы 3,75 доллардан (1714 теңге) әлдеқайда жоғары.
Еске сала кетейік, АҚШ пен Израиль осы жылдың 28 ақпанында Иранға қарсы әскери операция бастады. Сәуір айында атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгеніне қарамастан, шиеленіс әлі де сақталып отыр.
Вашингтонның Иранға қарсы әскери-теңіз блокадасы ашылған жоқ, ал президент Дональд Трамп қарашадағы аралық сайлаудан кейін кең ауқымды соғыс қимылдары қайта басталуын жоққа шығармайды.