АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 37 трлн доллардан асты

Фото: Midjourney

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 37 трлн доллардан асты, бұл Америкаға «іс жүзінде» банкроттық қаупін төндіріп отыр, деп хабарлайды Yahoo Finance. 

Миллиардер кәсіпкер Илон Маск АҚШ-тың қаржылық болашағына қатысты тағы алаңдаушылық білдіріп, федералдық қарыз бойынша пайыздық мөлшерлемелердің тұрақсыз деңгейге көтерілуінің ауыр салдары туралы ескертті.

Маск Х-тегі жазбасында Құрама Штаттардың федералдық қарызы 37 трлн доллардан асуы себебімен «іс жүзіндегі банкроттық» шегінде тұрғанын, ал осы қарыз бойынша пайыздық төлемдер қазір барлық салық түсімдерінің 25 пайызын құрайтынын ескертті.

Масктың айтуынша, «егер бұл жалғаса берсе» барлық салық түсімдері сайып келгенде мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге жұмсалатынын және «басқа ештеңеге ештеңе қалмайды».

Осылайша, АҚШ үкіметінің жалпы кірісіндегі 5 трлн доллардың пайыздық төлемдері қазіргі кезде 1,2 трлн долларды құрап отыр, ал үкімет жыл сайын 7 трлн доллар жұмсауды жалғастырып келеді, бұл үнемі өсіп келе жатқан тапшылыққа әкеліп отыр.

Экономист Питер Шифф Масктың жазбасына АҚШ-тың қазірдің өзінде банкротқа ұшырағанын және «бұл біздің кредиторларымызға анық болғанша уақыт мәселесі» деп жауап берді. Одан кейін Шифф «пайыздық мөлшерлемелер жоғарылайтыны сонша», қарызға қызмет көрсету шығындары жалпы салық түсімінен асып түсетінін ескертті.

Бұған дейін Илон Маск X әлеуметтік желісінде республикашылдардың заң жобасын қатал сынға алғанын жазған болатынбыз.