АҚШ-тың Йеменге жасаған әуе соққысынан қаза тапқандар саны 38-ге жетті
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ әскери-әуе күштерінің Йемен аумағына жасаған әуе шабуылдарынан 38 адам қаза тауып, 102 адам түрлі жарақат алған. Бұл туралы елдегі хуситтік «Ансар Аллах» қозғалысына қарасты Al Masirah телеарна хабарлады, деп жазады ТАСС.
Шабуыл 18 сәуірге қараған түні Қызыл теңіз жағалауындағы Эль-Ходейда провинциясында орналасқан Рас-Иса портына жасалған. Бұл жерде мұнай терминалы орналасқан. Әуе соққысы салдарынан нысанда өрт шыққан.
АҚШ әскери ұшақтары кемінде 14 рет соққы жасаған. Бомбалау аяқталғаннан кейін оқиға орнына дәрігерлер мен азаматтық қорғаныс қызметкерлері келген. Алайда шабуылдар жалғасып, олардың арасында да қаза тапқандар тіркелген.
АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) өз мәлімдемесінде Рас-Иса портын жойғандарын растады. Олардың айтуынша, бұл хуситтерді мұнай өнімдерін заңсыз сатып, пайда табу мүмкіндігінен айырды және отын көздеріне қолжетімдігін шектеді.
Еске салайық, 2023 жылы Газа секторында қақтығыс ушыға түскеннен кейін хуситтер Израиль аумағына зымыранмен соққы жасайтындарын және Израильмен байланысты кез келген кеменің Қызыл теңіз бен Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы өтуіне жол бермейтіндерін мәлімдеген еді.
Қаңтар айында Газа аймағында уақытша бітім орнаған кезде бұл шабуылдар тоқтаған болатын. Алайда наурызда бітім бұзылғаннан кейін хуситтер қайтадан Израиль кемелері мен нысандарына шабуыл жасай бастаған.
2025 жылғы 15 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен хуситтер бақылауындағы Йемен аймақтарына жаппай әуе соққылары басталды. АҚШ Орталық қолбасшылығы бұл операцияның мақсаты – америкалық мүдделерді қорғау және теңіз жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Жауап ретінде «Ансар Аллах» қозғалысы Қызыл теңіздің солтүстігінде орналасқан Harry Truman америкалық әуе тасымалдаушы кемесіне зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасаған. Кемеге зақым келгені туралы ақпарат жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Йемендегі әуе шабуылынан 6 адам қаза тапқанын жаздық.
Сондай-ақ, сәрсенбі күні кешке америкалық әскери ұшақтар Йемен астанасы Сана мен әл-Джауф провинциясына 12-ден астам әуе соққысын жасады.
Қытай компаниясына хуситтерге қолдау көрсетті деген айып тағылды.