АҚШ триллион долларлық монета басып шығармайтын болды

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - АҚШ триллион долларлық монета басып шығару идеясынан бас тартты, деп хабарлайды Утро.ру.

Вашингтонда үкіметтің мұндай әрекетке баруға құқығы жоқ деп түсіндірді.

АҚШ-та мемлекет қарызын шектеу ережесі бар, егер қарыз шектен асып кетсе, ел дефолтқа ұшырайды. АҚШ тарихында бұл межеден бірнеше рет асып кеткен оқиғалар болды, соңғысы 2011 жылы орын алды. Дегенмен, соңғы кезде осы мәселе қайтадан алдыңғы қатарға шығып отыр.

Ақпан айының аяғына қарай АҚШ-тың мемлекеттік қарызы $16,4 триллионға жетеді деп болжануда. Конгрестегі республикандықтар үкіметке әлеуметтік шығындарды қысқартуды талап етуде, Барак Обама әкімшілігі бұған қарсы.