АҚШ-тың ақша-несиелік саясатының өзгеруі дамушы елдерден капиталдың жылыстауына соқтырады - сарапшы И. Чакаров

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Орталық федералды жүйесі биыл өзінің ақша-несиелік саясатына өзгеріс енгізіп, пайыздық мөлшерлемесін көтере бастайды.

Ал бұл, дамушы елдерге елеулі түрде әсер етеді. Бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Citi ғаламдық қаржы компаниясының Ресей және ТМД бойынша бас экономисі, экономика ғылымдарының докторы Иван Чакаров осылай мәлім етті.

«АҚШ-тың ақша-несиелік саясатының өзгеру салдарынан пайыздық мөлшерлемелердің өсуі - капиталдың жылыстауына немесе дамушы елдердегі капиталдардың АҚШ-қа қайта оралуына әкеп соғады. Сондықтан да Үндістан, Индонезия. Түркия және Оңтүстік Африка Республикасы секілді елдердің экономикасына түсіп жатқан қысымдар барған сайын ұлғая түсуде» - деді И. Чакаров.

Соған қарамастан, сарапшының пікірінше, орта және ұзақ мерзімді келешекке дамушы елдер үшін оптимистік болжам жасауға болады.

«Дамушы елдердегі экономиканың өсу қарқыны дамыған елдерден де жоғары болады. Тіпті, алдағы 10 жыл ішінде дамушы елдердің арқасында ғаламдық экономика 60 пайыздан 70 пайызға дейін өседі. Одан басқа, 2014 жылы бүкіл әлем бойынша экономикалық даму қарқындай түседі. Биыл ғаламдық экономиканың өсуі 3,1 пайызды құрайтындығына сенімдіміз. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2,5 пайыз болған. Тағы бір айта кететін жәйт, биыл Батыс Еуропа елдерінің экономикасы жоғарылай бастайды. Бұған дейін бұл елдерде экономикалық құлдырау байқалған еді. Біздің болжамымыз бойынша, биыл Еуроодақтың экономикалық өсу қарқыны 1,5 пайызды көрсетеді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 0,2 пайызды құраған болатын» - деді И. Чакаров.