АҚШ-тың әскери базасында бірнеше адамды атып өлтірген әскеридің өзі тірі қалды

АСТАНА.  Қарашаның  6-сы.  ҚазАқпарат -  АҚШ-тың Техас штатындағы Форт-Худ әскери базасында     әскери қызметшілерге  оқ  атқан     әскеридің өзі    тірі қалды,  деп хабарлайды  «Азаттық» радиосы.

Әскери база  өкілінің   хабарлауынша,   Нидаль  Мәлік   Хасан қазір   госпитальде  жатыр.   Бұған дейінгі ақпараттарда  оның  оққа ұшқаны    айтылған болатын.   

 Базадағы  армиялық  медициналық орталықта  болған  қанды қырғынның салдарынан  12  адам     қаза болып, 31 адам жараланған.

 Әскери психиатр  болып табылатын  майор   Хасанның әрекетінің  себебі  әзірге   белгісіз.      Оны жақын   күндерде  шетелге  қызметке    жөнелту   жоспарланғаны  айтылып отыр.   Білетіндердің айтуынша,  Хасан  Ирак пен  Ауғанстандағы  әскери   іс-қимылдарға    наразы   болған. 

 Президент Барак Обама Форд-Худ    базасындағы      бұл қанды  қырғынды «жантүршігерлік   оқиға»  деп  атады:  «үйден  алыс   жерлерде   болған     шайқастарда американ жауынгерлерін жоғалту  өте ауыр.  Ал   олардың   Құрама  Штаттардың аумағында  әскери   базада   оққа   ұшқанын  естігенде,   естен тана жаздайсың»,  деді  ол.

 Форт-Худ  -  әлемдегі  ең  үлкен американдық әскери гарнизон.  Онда    тұрған әскерилер  алғашқылардың бірі  болып 2003   жылы Иракқа аттандырылған   1-ші сауытты-кавалериялық   дивизия    орналасқан.