АҚШ-тың барлау қызметі коронавирустың қалай шыққаны туралы ортақ шешімге келе алмады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – АҚШ-тың барлау қызметі сейсенбі күні президент Джо Байденге коронавирустың қайдан шыққаны туралы баяндама жасады, алайда онда вирустың зертханада жасалды ма, әлде табиғи жолмен пайда болды ма деген мәселеде ортақ шешім айтылмаған. Бұл туралы ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

The Washington Post басылымы АҚШ үкіметінің екі өкілінің пікіріне жүгінеді. Олардың айтуынша, арнайы барлау қызметтері бірнеше күннің ішінде құжатты жариялау үшін оның құпия мәліметтері алынып тасталған нұсқасын әзірлеуі тиіс болған. Өкілдердің мәліметі бойынша, баяндамада ақпараттың көп болғанына қарамастан, вирустың нақты шығу тегі туралы соңғы қорытынды жоқ.

Билік өкілдерінің бірі американдық барлау қауымдастығы «бұл мәселені қарастыру үшін арнайы жабдықталмаған», себебі коронавирустың шығу тегін анықтау бірінші кезекте барлаушы емес, ғалымдардың құзыретінде.

Дүйсенбі күні Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки коронавирустың шығу тегі туралы баяндаманың құпия емес нұсқасы жұртшылық назарына Байден оқып шыққан соң бірнеше күн өткеннен кейін ұсынылуы тиіс деп мәлімдеді. Ол бұл нұсқаның дәл қандай үлгіде ұсынылатынын нақты айта алмады.

Байден мамыр соңында АҚШ-тың барлау қызметінің жаңа коронавирустың дәл қандай жолмен тарала бастағаны туралы сенімді ақпараты жоқ екенін мәлімдеді. АҚШ президенті арнайы қызметтерге қолда бар барлық мәліметті зерттеуге екі есе көп күш жұмсай отырып, 90 күннен кейін жаңа есеп беруді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар