АҚШ-тың бұрынғы Президенті биыл елордада өтетін VI Астана экономикалық форумына қатыспақ

None
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - АҚШ-тың бұрынғы Президенті Билл Клинтон биыл елордада өтетін VI Астана экономикалық форумына қатыспақ. Бұл туралы бүгін Астанада аталған форумды ұйымдастыруға байланысты өткен баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы үйлестіру комитетінің тең төрағасы Серік Нөгербеков мәлім етті.

Оның айтуынша, VI АЭФ-ты ұйымдастыру шараларына Мадрид клубы үлес қосуда. «Бұл өте мәртебелі қоғамдастық. Өткен жылы біз Мадрид клубының жыл сайынғы кеңесіне қатыстық. Осы орайда АҚШ-тың 42-ші Президенті Билл Клинтонмен кездестік. Клинтон мырза біздің шақыруымызды жылы лебізбен қабыл алды. Атап айтсақ, ол Астана экономикалық форумының жұмысына белсенді түрде қатысуға ниет білдірді», - деді С. Нөгербеков.