АҚШ-тың Хьюстон қаласында алапат су тасқыны болып жатыр
07:24, 28 Тамыз 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Техас штатында орналасқан Хьюстон қаласында болып жатқан су тасқынынан 2000 адам қауіпсіз жерге шығарылып, құтқарылды. Су тасқынына "Харви" дауылы себеп болған, деп хабарлайды Би-би-си.
Аталған штаттың басқа да аудандарында нөсер жауын құйып тұр.
Ұлттық метеорологиялық қызметтің мәліметі бойынша, қала аумағында төтенше жағдай жарияланған, мұнда көлік қатынасы қиындап кеткен.
Сондай-ақ, бес адамның қаза тапқаны туралы дерек бар. Алайда әзірге тек 2 адамның қазасы нақтыланды.
Губернатор Грег Эбботтың сөзінше, қалаға 50 см жауын-шашын түскен. Одан бөлек 40 см жауын-шашын түсуі ықтимал.
Құтқарушылардың жұмысын қатты жел тіптен қиындатып жіберген. Оған қоса мыңдаған адам жарықсыз қалған.
Түсініктеме: Суретте Хьюстондағы I-610 даңғылының су астында қалған бейнесі. Сыртқы бақылау камерасынан алынған.
Суреттер Би-би-си-ден алынды.