АҚШ-тың мәлімдеуінше, Солтүстік Корея үшінші рет ядролық сынақ жасауы ықтимал

ВАШИНГТОН. Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат - Солтүстік Кореяның үшінші ядролық сынақты жоспарлап отыруы ықтимал.

Бұл туралы АҚШ үкіметінің өкілдері хабарлады. Олардың атап көрсетуінше, Пхеньянның тағы бір сынаққа әзірлігінің белгілері байқалуда. Олай болған жағдайда, бұл Солтүстік Кореяның үшінші жерасты сынағы болуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат Associated Press агенттігіне сілтеме жасап. Осының алдында ғана, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Солтүстік Корея бойынша қарарының жаңа ядролық сынақтарды немесе баллистикалық зымыран сынақтарын өткізуге тыйым салатындығы туралы ақпарат пайда болған-тын. Оған қоса жүктерді тасымалдауы мүмкін солтүсіккорейлік кемелер үшін отын жеткізуге тыйым салу туралы халықаралық қоғамдастыққа кеңес берілген еді. Ол қарар сондай-ақ Солтүстік Кореямен гуманитарлықтан басқа, қандай да бір мәмілелер жасамауға шақырады.