АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 14 триллион доллардан асты

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - АҚШ экономикасына тұрақты қауіп төндіріп отырған және соңғы жылдары тым өсіп кеткен мемлекеттік қарызы 14 триллион долларға жетті.

Мемлекеттің кредиторларға осынау берешегін АҚШ-тың әр азаматына бөлер болсақ, 45 мың доллардан келеді, деп хабарлайды Utro.ru сайты.

Осыдан жарты жыл бұрын, 2010 жылдың маусым айында, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 13 триллион долларды шамалаған болатын, яғни қазіргі қарыздан 1 триллионға аз еді. Ал 2005 жылы бұл қарыз 7,6 триллион доллар болған.

2010 жылдың ақпан айында Барак Обама бюджет жетіспеушілігімен күресуге уәде беріп, мемлекеттік берешек үшін 14,3 триллион доллар көлемінде жаңа лимит бекіткен еді. Бұған дейін бұл лимит 12,4 триллионды құраған. Мемлекеттің қазіргі қарызы жаңа лимитке жақындап қалғандықтан, Ақ үй Конгресті осыны ретке келтіру үшін дауыс беруге шақырып отыр.

Құрама Штаттағылар, егер шұғыл шаралар қабылданбаса мемлекеттің қарызы «шектен тыс асып кетіп», американ экономикасын дефолтқа ұшырады деп қауіптенуде.