АҚШ-тың Өкілдер палатасы банкирлер үшін сыйақыларды шектеу туралы заң жобасын мақұлдады

ВАШИНГТОН.   Тамыздың  1-і. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ -   Жұма күні АҚШ-тың  Өкілдер  палатасы  банкирлер үшін  және     актив   құны 1 миллиард доллардан асатын    кез-келген  қаржы компанияларының трэйдерлері үшін жалақы мен  бонустардың  мөлшерін  шектейтін заң  жобасын  мақұлдады,

 деп хабарлайды  ҚазАқпарат.

Заңнамашылар,   тым жоғары  сыйақылар   ел экономикасы үшін проблема  туғызатын     негізсіз  тәуекелдерді көтермелейді деп санайды.  Сенат осы  құжатты  қабылдаған жағдайда,   банк, холдинг,   брокерлік,  несиелік, инвестициялық және  ипотекалық компаниялардың     қызметкерлерінің   сыйақыларына шектеу  қойылатын болады.

Осының алдында ғана,        миллиардтаған  федералдық көмек алған    елдің    тоғыз  ірі  банкі 5 мыңдай    қызметкерге    1 миллион доллар сомасында   жеке сыйақылар  бергені  туралы  мәліметтер жария етілген еді.   Үкіметтен 182 миллиард доллар   көмек алған AIG компаниясындағы бонустар  туралы     ағымдағы жылдың көктемінде    жария болған    ақпараттар да    жұртшылықтың арасында   толқу  туғызған  болатын.  Ал 45  миллиард доллар   федералдық  ақша алған    және  қазір активінің  үштен бірі мемлекетке   тиесілі «Citigroup»  компаниясының    да   738-ден  астам  қызметкеріне 1  миллион доллардан   сыйақы  бергені  анықталды.

«Ассошиейтед пресс» агенттігі,   Өкілдер   палатасының  республикашылдар  мүшелерінің басым көбісі    жоғарыдағы заң  жобасына      қарсы  дауыс бергенін      хабарлап  отыр.   Республикашылдар   мемлекеттік көмек алған     қаржы   институттарына да шектеу қою  керек  дегенді алға тартуда.