АҚШ-тың Оклахома штатында полиция қыметкері қара нәсілді азаматты атып тастады

АҚШ. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Оклахома штатына қарасты Талса қаласында полиция қызметкері қаруы жоқ қара нәсілді азаматты атып тастады, деп хабарлайды ria.ru Ассошиэйтед Пресс агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттік өкілдерінің хабарлауынша, оқиғаның бейнежазбасында екі қолын жоғары көтерген азаматтың өзінің жол талғамайтын көлігіне қарай жүріп бара жатқаны байқалады. Сол сәтте оған қарата оқ атылып, қолын көтерген азамат жерге құлайды. Оқиғаға қатысты таратылған мәліметтерде полицейлер қара нәсілді азаматты алдымен тоқтатып, сосын құрбан еткендігі айтылады. 

Бейнефайлдар жарияланғанға дейін полиция бастығы Чак Джордан тәртіп сақшылары атқан Теренс Кратчердің қарусыз болғандығын мәлім етті. Ал, оның көлігінен қару сол бойы табылмаған. 

АҚШ-та жазда ақ нәсілді полиция қызметкерлерінің Минннесота мен Луизиана штаттарында екі афроамерикалықты өлтіруінен кейін наразылық шараларының жаңа толқыны көтерілді. Шілде айының ортасына таман Миссури штатының тұрғыны Гэйвин Лонг АҚШ-тың Батон-Руж қаласында атыс ұйымдастырып, оның салдарынан үш полиция қызметкері мерт болды. Атысты ұйымдастырған азамат атып өлтірілді.   

Оған дейін 25 жасар қара нәсілді Ауған соғысының ардагері Мика Джонсон Далласта болған тәртіпсіздіктер кезінде полицейлерге қарата оқ атып, бірнеше адам жарақат алды,  4 тәртіп сақшысы көз жұмды. Бұл жағдай 2001 жылдың 11-қыркүйегінен кейін АҚШ-тың құқық қорғау органдары үшін ең қанды оқиға болды.