Бұл туралы бүгін ҚР Тұңғыш Президентінің интеллектуалдық мектебінде өткен баспасөз мәслихатында, аталмыш университеттің Азия тілдері және өркениеттері факультетінің профессоры, Орта-Азиялық бағдарламалардың төрағасы Юлай Шамилоглу айтты.
Бүгін Астанаға келген Висконсин Мэдисон университетінің бір топ делегаты, Астананың жаңа университетіндегі әлеуметтік ғылымдар мектебінің тұжырымдамасын және оның даму стратегиясын әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізетін болады.
Ю.Шамилоглу, Қазақстанда халықаралық деңгейдегі жаңа университеттің ашылуын қолдайтынын айтып: «Елде жүзеге асырылып отырған «Болашақ» бағдарламасы арқылы, сондай-ақ ашылып жатқан көптеген басқа да оқу орындарына қарап, ел Президенті Н.Назарбаев бұл салаға үлкен көңіл бөліп отырғанын көріп отырмыз», - деді.
Ю.Шамилоглу Астананың жаңа университетінің әлеуметтік ғылымдар мектебін халықаралық білім стандарттарына сәйкестендіріп, оны Висконсин Мэдисонмен бір деңгейге жеткізуге бар күштерін салатынын атап өтті. Ю.Шамилоглудың сөзіне қарағанда, Жаңа университетте әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бойынша фактілер беріліп қана қоймай, студенттердің сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін жетілдіруге де үлкен назар аударылатын болады.
Айта кетейік, Қазақстандағы алғашқы заманауи университеттің аталмыш мектебіне студенттерді және оқытушыларды іріктеуді шетелдік осы университет жүзеге асыратын болады.
Висконсин Мэдисон университеті 40 мыңға жуық студенті бар АҚШ-тағы ең озық жоғары оқу орындарының бірі. ЖОО ең көп шет ел тілдерін оқытатын бірден-бір университет. Қазақ тілі мұнда 20 жылға жуық уақыт бойы оқытылып келеді. Ю.Шамилоглудың қазақ тілінде еркін сөйлеуі де университеттің бұл бағытта үлкен тәжірибесі барын көрсетеді.