АҚШ ұйымнан кетпек: ЮНЕСКО тарихи шешімге дайын екенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM – ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одре Азуле АҚШ-тың ұйымнан шығу туралы шешіміне өкініш білдіріп, сонымен қатар бұл жағдайдың болатыны болжанғанын айтты, деп жазды AZƏRTAC агенттігі. Жалпы бұл ақпаратты ЮНЕСКО-ның баспасөз қызметі ресми мәлімдеген.
— АҚШ Президенті Дональд Трамптың АҚШ-ты ЮНЕСКО құрамынан қайта шығару туралы шешімі өкінішті, бұл әрекет 2026 жылдың желтоқсан айының соңында күшіне енеді. Бұл қадам көпжақтылықтың негізгі қағидаттарына қайшы келеді, бірінші кезекте, АҚШ-тағы біздің көптеген серіктестерімізге — Дүниежүзілік мұра тізіміне нысандар енгізуді көздейтін қауымдастықтарға, «Шығармашылық қала» мәртебесіне үміткер топтарға және университеттік кафедралар ашуға ұмтылған бастамаларға кері әсер етуі мүмкін, — деді ол.
Сонымен қатар, Бас директор бұл шешімнің болжанғанын және ЮНЕСКО-ның оған алдын ала дайындалғанын атап өтті. Ол соңғы жылдары жүргізілген құрылымдық реформалар мен қаржыландыру көздерін әртараптандыруды еске салды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта АҚШ-тың үлесі ЮНЕСКО бюджетіндегі 8 пайызды құрайды.
— Қазіргі сәтте ұйым қандай да бір қысқартуларды қарастырып отырған жоқ, — деп нақтылады Азуле.
Ол сондай-ақ, 2018 жылы АҚШ-тың бұрынғыдай ұйыммен ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдағанын, ол кезде де осыған ұқсас себептер айтылғанын еске салды. Бұл шешім Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде қабылданған болатын. Алайда, оның айтуынша, қазіргі жағдай мүлде өзгерген, ал ұйым ішіндегі саяси шиеленіс төмендеген.
— Сондай-ақ, АҚШ өкілінің ЮНЕСКО-да «антисемиттік және антиизраильдік бастамалардың» алға тартылып жатыр деген мәлімдемелері шындыққа сәйкес келмейді. ЮНЕСКО Холокост туралы білім беру мен антисемитизмге қарсы күрес саласында елеулі жұмыс жүргізіп келеді, — деді ол.
Бас директор Вашингтондағы қазіргі әкімшіліктің шешіміне қарамастан, ЮНЕСКО өз миссиясын орындауды жалғастыратынын мәлімдеді. Ол АҚШ-ты ұйым құрамында әрдайым қуана қарсы алатынын, әрі жеке сектор мен академиялық ортадағы америкалық серіктестермен ынтымақтастықты жалғастыратынын айтты. Сонымен қатар, АҚШ билігімен диалог жүргізуді жалғастыруға ниетті екенін білдірді.
Еске салсақ, 2024 жылғы 4 ақпанда Дональд Трамп БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінен және Палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігінен АҚШ-ты шығару туралы жарлыққа қол қойған болатын. Ол БҰҰ-ны «үлкен әлеуеті бар, бірақ оны жүзеге асыра алмай отырған ұйым» деп сынап, ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықты қайта қарау туралы тапсырма берген.
Айта кету керек, бұл АҚШ-тың ЮНЕСКО-дан алғашқы рет шығуы емес: 1984 жылы президент Рональд Рейганның әкімшілігі де ұйымнан шыққан еді. Ол кезде себеп ретінде ЮНЕСКО-ның аса саясаттануы мен қаржының тиімсіз жұмсалуы көрсетілген болатын. АҚШ ЮНЕСКО-ға 2003 жылы қайта оралды.
Ал 2018 жылы, Трамптың алғашқы мерзімінде, АҚШ ЮНЕСКО-дан қайта шықты. Ол кезде себеп ретінде: қарыздардың өсуі, ұйымда түбегейлі реформалар қажеттілігі және анти-Израильдік көзқарас көрсетілген. АҚШ 2023 жылы ұйымға қайта қосылған еді.
Айта кетейік, бүгін АҚШ 2027 жылдан бастап ЮНЕСКО-дан ресми түрде шығатынын мәлімдеген еді.