АҚШ Венесуэла жағалауында есірткі тасымалдаушылардың кемесіне соққы жасады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Венесуэла жағалауына жақын халықаралық суларда есірткі саудасымен айналысқан қылмыстық топқа тиесілі кемеге зымыран соққысын жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Соққы салдарынан кемеде болған төрт адам қаза тапты. Америкалық әскерилер арасында зардап шеккендер жоқ.
Бұл туралы АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
Хегсет атап өткендей, кеме АҚШ аумағына жеткізілмек болған едәуір көлемдегі есірткі заттарын алып жүрген.
— Біздің барлау қызметі еш күмәнсіз бұл кеменің есірткі тасымалдағанын растады. Кемеде болған адамдар есірткі террористері еді, олар белгілі контрабандалық бағытпен жүрген. Бұл соққылар америка халқына қарсы жасалған шабуылдар тоқтағанға дейін жалғасады, — деді Пентагон басшысы.
Венесуэла билігі АҚШ әскери ұшақтарының елдің әуе кеңістігіне кіріп кетуіне наразылық білдіріп, Пентагон басшысынан Латын Америкасы мен Кариб аймағындағы бейбітшілікке қауіп төндіретін «жауапсыз әрекеттерді» дереу тоқтатуды талап етті.
Каракас бұл жағдай туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке хабарлайтынын да мәлімдеді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Дональд Трамп АҚШ-тың есірткі картельдеріне қарсы соғыс бастағанын жариялаған болатын.