АҚШ Венесуэла жағалауында мұнай танкерін басып алды

Фото: report.az

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық күштердің Венесуэла жағалауында мұнай танкерін басып алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды NBC News. 

– Білетін боларсыз, жақында Венесуэла жағалауында танкерді басып алдық. Үлкен, өте үлкен, шын мәнінде, біз басып алған ең үлкен танкер, - деп хабарлады Дональд Трамп.

Трамп танкердің басып алынуы және оған қатысты болашақ жоспарлар туралы егжей-тегжейлі айтқан жоқ. АҚШ Бас прокуроры Пэм Бонди танкер санкцияланған мұнайды тасымалдау үшін пайдаланылғанын мәлімдеді.

– Венесуэла жағалауында аяқталған бұл басып алу қауіпсіз жүргізілді және біздің санкцияланған мұнайды тасымалдаудың алдын алу үшін Ішкі қауіпсіздік министрлігімен бірлесіп жүргізіп жатқан тергеуіміз жалғасып жатыр, - деп хабарлады Бас прокурор Пэм Бонди X-тегі жазбасында. 

Бонди жазбасында жарияланған бейнеде АҚШ әскери қызметкерлерінің кемеге палубасынан бірнеше метр биіктікте қалқып тұрған тікұшақтан арқанмен түсіп жатқаны көрсетілген.

DW мәліметінше, Венесуэла өз жағалауында танкерге шабуыл жасауды айыптады. Венесуэла Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде бұл оқиға «арсыз тонау және халықаралық қарақшылық актісі» деп сипатталды.

– Венесуэлаға қарсы жалғасып жатқан агрессияның шынайы себептері қазір айқындала бастады. Мәселе көші-қонға байланысты емес. Есірткі саудасына қатысты емес. Мәселе демократияда емес. Оның адам құқықтарына да қатысы жоқ. Мәселе біздің табиғи ресурстарымыз, мұнайымыз, энергетикамыз – тек Венесуэла халқына тиесілі ресурстарға қатысты, - делінген ведомство мәлімдемесінде.

Бұған дейін АҚШ Венесуэла президентін лаңкестік ұйымның көшбасшысы деп санайтынын жазған болатынбыз.