АҚШ Вьетнаммен сауда келісіміне қол қойды

Фото: arc-group.com

АСТАНА.KAZINFORM - АҚШ президенті Дональд Трамп Вьетнаммен қол жеткізілген екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бастауы болатын сауда келісімін жоғары бағалады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Трамптың Truth Social басылымындағы мәлімдемесіне сәйкес, Вьетнам Америка Құрама Штаттарына барлық тауарға 20% және Вьетнам арқылы транзитпен жеткізілетін тауарларға 40% баж салығын төлейді.

Өз кезегінде АҚШ сауда серіктесінің нарығына толық қол жеткізе алады және америкалық өнімдерді Вьетнамға нөлдік баж салығымен сатады.

Ханой Трамптың жауап баждарының мерзімі аяқталғанға дейін АҚШ-пен келісім жасап үлгерді. Алайда тараптар арасындағы келісімнің егжей-тегжейі әзірге айтылмады.

Америка президентінің тарифтері қайтадан күшіне енгенше, шет елдер 9 шілдеге дейін АҚШ-пен сауда және тарифтік келісімдер жасасуы керек.

Бірінші келісім Ұлыбританиямен, кейін Қытаймен жасалғаны бұған дейін хабарланған болатын.

Айта кетейік, Қазақстан бидайы Вьетнамға экспортталды.