АҚШ Йемен астанасына әуеден соққы жасады

Фото: U.S. CENTRAL COMMAND

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Йемен астанасы Санада «Ансар Аллах» көтерілісшілер қозғалысының әскери нысандарына соққы жасады. Бұл туралы Kazinform ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

— АҚШ Әуе күштерінің орталық қолбасшылығы Сана аймағында Иран қолдау көрсететін хуситтердің бақылауында болған басқару-диспетчерлік пункттері мен зымырандар қоймасына әуеден дәл соққылар жасады, — деп хабарлады әскери ведомство Х әлеуметтік желісінде.

Мәлімдемеде соққы жасалған ғимараттар хуситтердің АҚШ-тың әскери теңіз күштеріне және Қызыл теңіздегі сауда кемелеріне шабуылын үйлестіретін басты орталығы болғаны нақтыланады. 

Сондай-ақ, орталық қолбасшылық Қызыл теңіз үстінде бірнеше ұшқышсыз ұшатын аппаратты және кемелерге қарсы қолданылатын қанатты зымыранды қағып түсірген. 

Газа секторындағы жағдай ушыққан сәтте «Ансар Аллах» қозғалысы Палестина анклавындағы ахуал тұрақтанғанға дейін Израиль территориясын атқылайтынын, бұл елге қатысты кез келген кеменің Қызыл теңізбен және Баб-эль-Мандеб түбегі маңымен жүруіне жол бермейтінін мәлімдеген болатын. 

2023 жылдан бері хуситтер Қызыл теңізде және Аден шығанағында ондаған азаматтық кемеге шабуыл жасады. 

Олардың бұл әрекетіне жауап ретінде АҚШ билігі Қызыл теңіздегі қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кемелер қатынасын жолға қою мақсатында халықаралық коалиция құрып, Prosperity Guardian (Гүлденуді қорғау) операциясын бастап кетті. 

Осылайша АҚШ пен Ұлыбритания қарулы күштері Йемендегі бүлікшілердің әскери нысандарына дүркін-дүркін соққы жасап жатыр. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Джо Байден Конгрес қабылдаған уақытша бюджет туралы заң жобасына қол қойды.

Ақпаратты Kazinform-ға арнайы ТАСС әріптес агенттігі ұсынды.