АҚШ йемендік хуситтерді қайтадан «террорлық ұйым» деп таныды

Фото: alhurra.com

АСТАНА. KAZINFORM - Мұндай шешім АҚШ президенті Дональд Трамптың жыл басындағы осындай қадамға шақыруынан кейін қабылданды, деп хабарлайды Кazinform тілшісі.

АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті сейсенбі күні йемендік хуситтер қозғалысын «шетелдік лаңкестік ұйым» деп атайтынын мәлімдеді.

- Хуситтер қозғалысының қызметі Таяу Шығыстағы америкалық бейбіт тұрғындар мен қызметкерлердің, ең жақын аймақтық серіктестеріміздің қауіпсіздігіне және жаһандық теңіз саудасының тұрақтылығына қауіп төндіреді, - деді Мемлекеттік хатшы Марко Рубио.

- АҚШ халықаралық бизнес жүргіземіз деген желеумен хуситтер сияқты террористік ұйымдармен ынтымақтасатын ешбір елге жол бермейді, - деп қосты ол.

Мемлекеттік департамент өкілі бұл операция аясында жасалған іс-шаралар хуситтер мәртебесін қайта тағайындау туралы қаңтардағы шешімді жүзеге асыру екенін айтты.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден 2021 жылы президенттік мерзімінің басында Хуситтерден бұрынғы Трамп әкімшілігі террористік ұйым деп таныған санкцияларды алып тастады. Мұндай қадам Йемендегі гуманитарлық мәселелерді шешуге бағытталған.

2025 жылдың қаңтарында АҚШ президенті Дональд Трамп хуситтерді шетелдік террористік ұйым ретінде қайта тану туралы Жарлыққа қол қойды. Енді АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл шешімді ресми түрде «Ансар Алланы» шетелдік террористік ұйымдардың тізіміне енгізді.

Осыған дейіңн Дональд Трамптың «Ансар Аллах» (Йеменнің көп бөлігін бақылайтын хуситтер) тобын террористік ұйым ретінде қайта тану процесін бастау туралы жарлыққа қол қойғаны туралы жаздық.