Ақша мен қор нарығында өсім байқалды, теңге тұрақтылығын сақтап тұр

Фото: pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Nvidia компаниясының Intel-ге 5 млрд доллар көлеміндегі инвестициясы технологиялық сектордағы өсімге түрткі болды, деп жазды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы. 

Осы жаңалық фонында Intel акциялары 23%-ға көтерілді – бұл компания тарихындағы соңғы 30 жылдан бергі ең жоғары күндік өсім.

Валюта нарығы

USDKZT жұбы бойынша курс бейсенбі күні айтарлықтай өзгерген жоқ — 1 доллар 541,28 теңге болды (+0,15 теңге). Сауда көлемі 232 млн долларға дейін өсті (+29,1 млн).

Бұл қозғалыс ішкі және сыртқы факторлардың тепе-теңдігін көрсетеді: қатысушылар белсенділігі артқанымен, курс айтарлықтай өзгермеген.

Теңгеге қолдау көрсетіп отырғандар:

– ірі экспорттаушылардың шетел валютасын сатуы

– Қаржы министрлігі мен Ұлттық Банктің операциялары

Ал әлсірету факторлары:

– сыртқы нарықтағы белгісіздік

– мұнай бағасының құбылуы

– импорттаушылардың және сыртқы қарыздарын өтейтін компаниялардың сұранысы

2-тоқсандағы деректерге сәйкес:

– Халықтың орташа ақшалай табысы – 359,6 мың теңге (+8,9% жылдық өсім)

– Ал шығындары – 311,2 мың теңге, яғни 5,8%-ға төмендеген

Бұл жинақтауға деген ұмтылыстың және жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен нақты табыстың (-3,2%) төмендеуі аясында сақтықпен тұтыну үрдісінің артуын көрсетуі мүмкін.

Ақша нарығы

Ақша нарығы құралдарының табыстылығы ликвидтілік балансының өзгеруі салдарынан өсті:

– TONIA мөлшерлемесі: 15,59% → 15,63%

– SWAP-1D табыстылығы: 10,82% → 11,37%

– Сауда көлемі: 481,1 млрд теңге (+75,3 млрд)

Сонымен қатар, Ұлттық Банктің депозиттік аукционына сұраныс төмендеді:

– 941 млрд теңге (-265 млрд),

– Толық көлемде қанағаттандырылды, жылдық мөлшерлеме – 16,5%

Ашық позиция көлемі – 5,6 трлн теңгеге дейін аздап өсті

Қор нарығы

KASE индексі 1,3%-ға өсіп, 7 156,4 пунктке жетті. Бұл – тәуекел активтер нарығына ликвидтілік ағынының жалғасуын көрсетеді.

Индексті қолдаған акциялар:

– Kaspi (+2,7%)

– Қазатомпром (+2,2%)

– ҚМГ (ҚазМұнайГаз) (+1,9%)

– БЦК (Банк ЦентрКредит) (+1,3%)

– Air Astana (+0,9%)

Индекстегі кері әсер:

– Қазақтелеком (-0,9%)

Бақылаудан көргеніміз – шикізат және қаржы секторындағы «көк чиптерге» сұраныс басым болды, ал телеком секторында – пайданы бекіту байқалды.

Корпоративтік жаңалық:

– БЦК 100 млрд теңгеге 5 жылдық облигациялар шығаруды жоспарлап отыр.

Мұнай нарығы

Мұнай бағасы бейсенбі күні 0,8%-ға төмендеп, 67,4 доллар/баррель деңгейінде жабылды.

Бағаның төмендеу себептері:

– АҚШ экономикасы бойынша инвесторлардың алаңдаушылығы

– ФРЖ (Федералдық резерв жүйесі) алғаш рет биыл негізгі мөлшерлемені 0,25 п.п.-ке төмендетті, әрі жыл соңына дейін одан әрі төмендетуге дайын екенін білдірді

Қосымша қысым:

– АҚШ-тағы отынға сұраныстың әлсіздігі

– Ұсыныстың артуы

Саяси факторлар:

– АҚШ-тың Ресей мұнайы мен оның сатып алушыларына қарсы санкцияларды кеңейтуі мүмкін

– Ресей президенті Путин бай азаматтар үшін салықтарды арттыру мүмкіндігін мәлімдеді

– Сондай-ақ, резервтік қорға аударылатын мұнай бағасының шекті деңгейі төмендетілмек

Тәуекел активтер

АҚШ-тың биржалық индекстері 0,3–0,9%-ға өсті. Бұған себеп:

– ФРЖ-ның саясатты жұмсарту бағытын жариялауы

– Nvidia-ның Intel-ге 5 млрд доллар инвестиция салуы

Intel акциялары бір күнде 23%-ға өсті – бұл 30 жылдан астам уақыт ішіндегі ең үздік нәтижесі

Nvidia акциялары – +3,5%

Екі компания бірнеше буынды бірлескен чип өнімдерін әзірлемек, олар дата-орталықтар мен жеке компьютерлерде қолданылатын жүктемелерді жылдамдатуға арналған.

Сонымен қатар, чип өндіруші басқа компаниялардың акциялары (мысалы, Arm) қысымға ұшырады, өйткені инвесторлар жаңа мәміледен кім ұтады, кім ұтылады – дегенді бағамдауда.

Қорғаныс активтері

Қауіпсіз активтерге сұраныс азайды — пайданы бекіту мен ФРЖ басшысының түсініксіз мәлімдемелері себеп болды:

– Алтын – 1,2%-ға төмендеп, 3 673 доллар/трой унция

– АҚШ-тың 10 жылдық облигацияларының табыстылығы – 4,08% → 4,10%

– Доллар индексі – +0,5%, 97,4 пунктке жетті

Айта кетейік, доллар апта аяғында сәл арзандады.