Ақшұқыр ауылында жел электр стансысы іске қосылды - Маңғыстау облысы

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының Ақшұқыр ауылында құны 800 млн теңгені құрайтын жел электр стансысы іске қосылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде Маңғыстау облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Салимов мәлім етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қуаты 5 МВт құрайтын кешеннің құрылысы барысында 11 адам жұмысқа тартылды. Алдағы уақытта 20-дан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар», - деді «BEST-Group NS» ЖШС компаниясының өкілдері. Аталған компания стансы құрылысын 2017 жылдың күз айында бастаған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын отандық мамандар жасап, зауыттың турбиналары халықаралық сапа стандарттарына сәйкес сертификатталған.

Жоба мақсаты- жел электр стансыларын пайдалану арқылы негізгі энергия көздерін алмастыру, Қазақстандағы парниктік газ қалдықтарын азайту, сол арқылы климаттың өзгеруі туралы БҰҰ-ның Негіздемелік конвенциясына сәйкес жұмыс жасау.

«Енді бір айдан соң өз өнімдерімізді сата бастаймыз. Өнімді сатып алушылар «Есептеу және қаржы орталығы» ЖШС болмақ. Германия елінде жасалған қондырғылардың арқасында стансы, жел қуатын пайдалану арқылы электр энергиясын өндіріп, оған қажеттілікті толық өтейтін болады. Ақшұқыр ауылының тұрғындары, сондай-ақ ауыл маңындағы өндіріс ошақтары мен жылыжайлар үшін электр қуатына деген тапшылықты жояды» - деді жобаның даму жөніндегі директоры Гүлнәр Әбитова.

Сонымен қатар қазіргі таңда ҚР Энергетика министрлігімен тағы үш жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Атап айтқанда, Бейнеу ауданы Бейнеу ауылында, Қарақия ауданы Жетібай ауылында, Маңғыстау ауданы Шетпе ауылында қуаты 10-15 МВт қамтитын жел және күн электр стансыларының кешенді жоспары дайындалуда» - деді Маңғыстау облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Салимов.