Ақсу ауданындағы тағы бір ауылға су басу қаупі төнді

АСТАНА. Наурыздың 29-ы. ҚазАқпарат - Алматы облысы Ақсу ауданындағы Ақсу өзені мен Қарасу ауылының маңындағы кішігірім көлдердегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан Қарасу ауылын су басу қаупі төнді, ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді,

деп хабарлады ҚР ТЖМ-нан.

Ведомство баспасөз қызметінен мәлім еткендей, наурыздың өткен 27-сі күні 18 сағат 10 минутта Ақсу өзені мен Қарасу ауылының маңындағы кішігірім көлдердегі су деңгейі көтеріліп, тұрғын үйлерді су басу қаупі төнді. Ал «Қарасу-Матай» автожолының 16-шы шақырымындағы тікбұрышты темірбетонды жол өткелін (көпір) су шайып кеткен. Қарасу ауылында 70 аула, 225-ке жуық тұрғын бар.

18 сағат 30 минутта төтенше жағдай орнына Алматы облысы бойынша ТЖД-ның құтқарушылары жетті. Бірақ, өткелдің бұзылуы салдарынан шұғыл құтқару техникалары Қарасу ауылына жете алмады.

Апатты жағдай қалыптасқаннан үш сағаттан кейін ауылдың барлық 225 тұрғыны ауыл орта мектебіне орналастырылды. Оларға азық-түлік жеткізіліп, медициналық көмек орны ұйымдастырылды.

«Көпірді апатты-қалпына келтіру жұмыстары су деңгейі түскеннен кейін басталады», - деп анықтады баспасөз қызметінен.