Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмысшы күйіп қалды

Фото: Pexels

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу іс-шараларын ұйымдастырып жатыр.

Ақсу қаласындағы ферроқорытпа зауытында жазатайым оқиға болды. Зауыт жұмысшысы өндіріс орнында күйіп қалған.

– Аталған оқиға 12 қараша күні болған. Қазіргі уақытта тексеру, тергеу іс-шаралары ұйымдастырылып жатыр. Оқиғаның қалай өрбігенін, себеп-салдарын анықтаймыз. Күйіп қалған ер адам екені анықталды, - деп хабарлады Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Абылай Сабыров. 

Зардап шеккен азамат 1996 жылы туған, кәсіпорында слесарь-жөндеуші болып жұмыс істейді.

Жалпы Ақсу ферроқорытпа зауытында қызметкерлердің күйіп қалу оқиғалары жиі қайталанатыны байқалады. 

Өткен жылы Ақсу ферроқорытпа зауытының екі машинисі күйіп қалғаны туралы жазғанбыз. Кейін олардың бірі қайтыс болды. 

Ал биылғы қыркүйек айында тағы үш жұмысшыны күйік шалды.