Ақсу ферроқорытпа зауыты бес жетім баланы өз жауапкершілігіне алды

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Павлодар облысындағы ферроқорытпа зауытының «Қазхром ТҰК» АҚ филиалы бірінші рет өз тәжірибесінде Қалқаман балалар үйінің үш тәрбиеленушісінің және ата-ана қамқорынсыз қалған екі баланың тағдырын өздерінің жауапкершілігіне алды, деп хабарлады Ақсу ФЗ баспасөз қызметінен.

Балалар «Еуразия» оңалту орталығының үш жайлы нөмірінде тұратын болады. Мұнда жеткіншектер тамақ, компьютер техникасы мен жиһаз, киім және аяқ киім, кеңсе тауарлары және оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Барлық шығынды, соның ішінде пәтерақылары мен ай сайынғы материалдық жәрдемақысын Ақсу ферроқорытпа зауыты өз мойнына алды.

Жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді ұйымдастырумен зауыттың әлеуметтік қызмет мамандары, кәсіпорынның жастар кеңесінің белсенділері мен жас мамандары айналысатын болады.

«Біздің мемлекет жас ұрпақ үшін көп іс жасап жатыр, - деп атап өтті зауыт директоры Арман Есенжұлов. - Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ерекше әлеуметтік қолдауға мұқтаж. Біз балаларға ересек өмірдің бастапқы кезеңіне тез үйренуге, болашаққа сеніммен қарауға көмектесеміз».