Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмысшы қаза тапты

АҚСУ. ҚазАқпарат - Ақсу ферроқорытпа зауытында ер адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: herrmanandherrman.com

Оқиға 20 желтоқсан күні сағат 08.21-де Ақсу ферроқорытпа зауытындағы​ балқыту цехында болған.

Бұл туралы зауыттың Instagram парақшасында жарияланды.

Зауыттың мәлімдеуінше, конвейер жабдығына қызмет көрсету кезінде жазатайым оқиға болып, слесарь-жөндеуші жарақат алған.

«Оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақырылып, зардап шеккен адам Ақсу орталық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Ер адам жансақтау бөлімінде көз жұмды» делінген жазбада.

Оқиға туралы мемлекеттік мекемелерге хабарланып, тергеу басталды. Жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

«Қазхром» ТҰК» АҚ басшылығы мен ұжымы марқұмның туғандары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Зауыт марқұмның отбасына барлық қажет көмек көрсетілетінін атап өтті.


Фото: herrmanandherrman.com