«Ақсу» футбол клубы Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын құрамын таныстырды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Алдағы футбол маусымына қатысатын команданың жаңарған құрамының таныстырылымы «Достық үйінде» өтті. Кездесуге клубтың ойыншылары мен басшылығы, өңірлік футболдың ардагерлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өзінің құттықтау сөзінде аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов қазіргі кезде Павлодар облысында футболмен шұғылдануға барлық қажетті және қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.

- Біздің футболистер «Спорт сити» аумағында орналасқан жаңа жабық манежде жыл бойы жаттыға алады, - деді әкім. – Тек өткен жылдың өзінде бес мектептің стадионында реконструкция жүргізілді. Биыл біз осы бағдарламаны жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Оның нәтижесінде барлық тілек білдірушілер футболмен айналыса алады деп ойлаймыз.

Жергілікті клуб командаға жаңадан қосылған жартылай қорғаушы Тұңғышбаев Еркебұланды жақсы қабылдады.

Ол - Шымкент футболының өкілі, ал, 2016 жылдан бері еліміздің ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетеді.

- «Ақсу» клубында ұлттық құрама үшін ойнаған жігіттерді кездестірдім, - деді спортшы. – Біз биік белестерге жету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.

Павлодарлық футболдың ардагері Садуов Ойрат өңірге ірі матчтердің оралуына деген қуанышын білдіріп, ойыншыларға сәттілік тіледі.

- Біз жолдастық кездесу өткізіп, клуб үлкен жұмыс атқарғанын сездік, - деді ол. – «Ақсу» командасына сәттілік тілеймін, үйткені футболда сәттілік маңызды роль атқарады.

«Ақсу» ойыншылары өздерінің алғашқы ойынын 5 наурыз күні қонақта «Атырау» футбол клубымен өткізеді. Қаламыздағы бірінші матч 10 наурыз күні орталық стадионда өтеді.

Бұл күні «Ақсу» өткен маусымдағы Премьер-лиганың вице-чемпиондары – «Астана» клубын қабылдайды.


Фото: Валерий Бугаев