«Ақсу» футбол командасы Премьер-лигада ойнамайтын болды

Фото: Фото: gov.kz

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -  Футбол командасы чемпионаттың Бірінші лигасында өнер көрсетеді. Мұндай шешім клубтағы қаржылық қиындықтарға қатысты қабылданды.

Павлодар облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Ақсудың» Премьер-лигада ойнай алмайтынын хабарлады.

Өткен жылғы маусымда павлодарлық клуб элиталық дивизионда 14-орыннан көрінген. Соған сәйкес, ойыншылар Бірінші лигаға түсірілді. Дейтұрғанмен биылғы ақпан айында «Мақтаарал» командасы футбол клубтарын лицензиялау бойынша ереже талаптарын орындамағаны үшін жоғары чемпионаттан шеттетіліп, орнына «Ақсу» шақыртылған. Алайда командамыз Премьер-лигада ойнауға қабілетсіздігін байқатып отыр.

«Клуб басшылығы 2023 жылғы маусым үшін ойыншылардың еңбекақысын толық жауып үлгермеген әрі өзге де қаржылық қиындықтары бар. Соған сәйкес, 2024 жылғы Премьер-лигаға қатыса алмайды», - деп мәлімдеді өңірлік спорт басқармасынан.