Ақсу қаласының теміржол вокзалы жаңартылып жатыр

Фото: Валерий Бугаев

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Құны 257,4 млн теңге болатын жоба облыстық бюджет есебінен іске асырылуда. Жаңарған вокзал жыл соңында жолаушылардың игілігіне тапсырылуы керек.

Ақсу қаласының теміржол вокзалы заманға сай жаңарып жатыр. Мұнда перрон алаңын абаттандыру, платформаны жаңғырту, халықтың қозғалысы шектеулі топтары үшін вокзалды бейімдеу, бөлмелердің ішкі әрлеу жұмыстары қарастырылған. Сондай-ақ ғимараттың сыртын қаптап, бұрынғыдан жылы ету көзделген.

Өңірлік жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының дерегінше, барлық жұмыстар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен келісе отырып жүргізілуде. Құны 257,4 млн теңге болатын жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылған. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

- Ақсу қаласының вокзалы 1982 жылы бір қабатты етіп салынған. Содан бері күрделі жөндеуден көрмеген. Қазіргі уақытта мұнда реконструкция және жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұмыстардың шамамен 20 %-ы аяқталды. Алдағы уақытта Қалқаман, Шідерті, Бозшакөл және Қарасор елді мекендеріндегі шағын вокзалдарды да жаңарту көзделген, - дейді басқарма басшысы Қанат Қашкиров.

Еске сала кетейік, қаржы жеткіліксіздігіне байланысты Павлодар әуежайын жөндеу тағы бір жылға ұзарды.