Ақсу қаласының жылу жүйесіндегі апаттық жағдай жойылды

Фото: Фото: Есенбек Санатұлы

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бүгін кешкілік шаһар бойынша барлық ғимараттар мен тұрғын үйлерге жылу қалыпты жағдайда беріле бастады. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің және «Теплосервис-Ақсу» КМК мамандары параметрлерді тексеру және реттеу үшін көпқабатты тұрғын үйлерді тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

— Сағат 19.00-дегі жағдай бойынша Ақсу қаласының тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандарын жылумен қамтамасыз ету үшін РОК-2-ден берілетін температура 80/95 градус, қысым 8.4/2.1 кгс/шаршы сантиметрді құрады. 5 желілік сорғы мен 3 қазандық жұмыс істеп тұр. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің және «Теплосервис-Ақсу» КМК мамандары параметрлерді тексеру және реттеу үшін көпқабатты тұрғын үйлерді тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

Фото: Есенбек Санатұлы

Қала басшысы Болатбек Шәріповтің айтуынша, жылу беретін қазандық Ақсу ферроқорытпа зауытының аумағында орналасқан. Онда 4 жылу, 2 бу қазандығы бар. Қалыпты күндері екі қазандық қана жұмыс істеп, күн аяздатқанда, әсіресе, аязды түндері үшіншісі, қажет болса төртіншісі іске қосылады. Шаһарда 50 700 адам тұрса, тұрғын үйлердің 257-сі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

Фото: Есенбек Санатұлы

Жалпы Ақсудағы жылу желілерінің ұзындығы 90 шақырымдай болады. Жылу құбырларының 67 пайызы тозған. Әкімнің айтуынша, келер жылы шаһардың желілерінде кең ауқымды сынақтар жүргізіліп, оларды жаңартуға республикадан қаражат сұралатын болады. 

Фото: Есенбек Санатұлы

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Ақсудың жылу жүйесінде апат болып, үйлерде жылу төмендеп кеткені туралы жазғанбыз.

Фото: Есенбек Санатұлы

Ақсуда бұдан бірер жыл бұрын жаңа қазандық салынып қойған. 

Құрылысына 11 млрд теңге жұмсалған қазандықты комиссия әлі күнге қабылдамай отыр. Айтуларынша, технологиялық жүйесінде кемшілік бар. Оның қашан толық іске қосылатынын ешкім айта алмайды.