Ақсу қаласында есірткі дайындалып келген астыртын зертхана анықталды
08:20, 28 Маусым 2012
ПАВЛОДАР. 28 маусым. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Ақсу қаласында есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша арнайы бөлімшенің қызметкерлері есірткілік заттарды синтездеу бойынша астыртын зертхананы анықтады, деп хабарлады ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Зертхананы есірткіні дайындау үшін кондитерлік көкнәрді пайдаланған Ақсудың 44 жастағы тұрғыны өзінің танысының пәтерінде құрған.
Сот-химиялық сараптаманың қорытындысы бойынша, дайындалған ерітіндінің үлгілері есірткілік зат - экстракциялық апиын болып табылады.
Қылмыстық істі тергеу барысында пәтер иесі мұнда есірткі ордасын құрғаны анықталды - дайындалған шөп нашақорларға сатылып келген.
Есірткілік заттарды сату мақсатында ірі көлемде дайындау және сақтау фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат қамауға алынды.