«Ақсу» өз алаңында «Шахтерден» басым түсті
Павлодар облысының «Ақсу» командасы өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдады.
Ойын барысында павлодарлық клубтан Евгений Кобзарь 38, Андрей Соловей 57-минутта мергендік танытты. Оған қарағандылық клубтан Роман Мұртазаев 70-минутта бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Ақсу» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Нәтижесінде турнир кестесінде 13-орынға көтерілді. Сондай-ақ тағы бір кездесуде «Қайсар» (Қызылорда) мен «Қайрат» (Алматы) 0:0 есебіне қанағат білдірді. Ал елордалық «Астана» Петропавлда «Қызылжардан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
Енді 30 шілдеде «Каспий» (Ақтау) мен «Ақтөбе», «Атырау» мен «Жетісу» (Талдықорған) кездеседі.
Аталған турдың 10 шілдеде алдын ала өткізілген ойынында «Оқжетпес» (Көкшетау) «Ордабасы» (Шымкент) командасына 0:4 есебімен жол берді.
Ал «Мақтаарал» (Түркістан облысы) мен «Тобыл» (Қостанай) кездесуі белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды.