Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығына келушілер үшін жаңа туристік нысан ашылды. Енді саяхатшылар тереңдігі 500 метрге дейін жететін әйгілі Ақсу шатқалының кең панорасын арнайы көру алаңынан тамашалай алады.
Жаңа нысан Ақсу-Жабағылы қорығының 100 жылдық мерейтойы аясында ашылды.
Ақсу құз-шатқалы — қорық аумағындағы ең танымал табиғи нысандардың бірі. Оның тереңдігі кей жерлерде 300–500 метрге жетсе, жоғарғы бөлігінің ені 800 метрге дейін созылады. Шатқалдың тік жартастары мен айналасындағы табиғи ландшафт келушілерге ерекше көрініс ұсынады.
Жаңа көру алаңы туристерге шатқалды қауіпсіз жерден тамашалап, оның табиғи ерекшеліктерін жақынырақ көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар нысан табиғатты тамашалау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қорықтағы экологиялық туризмді дамытуға бағытталған.
Ақсу-Жабағылы қорығы — Орталық Азиядағы ең көне қорықтардың бірі. Оның құрылғанына биыл 100 жыл толып отыр. Мерейтой аясында қорықтың табиғи мұрасын танытуға және келушілер үшін туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда.
Жаңа көру алаңы да осы жұмыстардың бір бөлігі. Енді қорыққа келген туристер Ақсу шатқалының ауқымын жаңа нүктеден тамашалап, табиғи көріністі әсерлі ракурстан көре алады.
Бұған дейін Ақсу-Жабағылыда жабайы табиғат бір ғасыр бойы қорғалып келе жатқанын жазған едік.