Ақсуда 12 жастағы бала суға батып кетті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ақсу маңындағы Береке ауылында 12 жастағы бала суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«1 шілде күні Береке ауылындағы шағын арнада шомылып жүрген 2006 жылы туған бала суға батып кетті. Баланың денесін жергілікті тұрғындар судан шығарып алған», - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға, су бассейндеріне баруын қадағалауға шақырады.