Ақсуда Ёлка есімді мұғалім жұмыс істейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақсу қаласының Пограничник ауылдық аймағында ерекше есімді Ёлка деген мұғалім тұрады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Ёлка Сейтбайқызы 1984 жылдың 29-шы желтоқсанында Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында дүниеге келген. Сол күні ата-анасы тұрған жерде жаңа жылдық шырша мерекесі өтіп жатқан. Олар бірден мерекенің құрметіне қызының есімін Ёлка деп қойған.

Ёлка Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжді бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, сегіз жылдан бері Пограничник ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте жұмыс істейді. Үш баланың анасы.

«Мектепте және колледжде оқып жүрген кезімде атыма байланысты көп қызықтар орын алатын. Жаңа жыл кезінде дос-құрбыларым «бізде шырша дайын тұр, оны сатып алудың қажет жоқ» деп қалжыңдайтын. Қазір де таныстарымның бәрі алдымен маған хабарласып, жаңа жылмен құттықтайды. Өйткен, атым шыршаға қатысты болғандықтан ұмытылмайтын секілдімін. Бала кезімде есімімнің бұлай болғанына ыңғайсызданып, ауыстырғым келетін. Ал, қазір керісінше осылай аталғаныма қуанамын», - дейді Ёлка Сейтбайқызы.

Айта кетейік, Статистика комитетінің хабарлауынша Қазақстанда 44 адамға Елка есімі берілген. Сондай-ақ, тағы 34 адам Ёлка транскрипциясымен тіркелген.

Ведомство өкілдері Жаңажыл есімді 5 адамның бар екенін айтты.