Ақсуда терезеден құлаған бала қайтыс болды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ақсу қаласында 2023 жылы туған бала үшінші қабаттан құлап кетті. Зардап шеккен бүлдіршін әуелі қалалық ауруханаға жеткізіліп, кейін облыс орталығына жөнелтілген.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Дәрігерлердің мәліметінше, шақырту 11 маусым күні сағат 13:16–да түскен. Үш минуттан кейін дәрігерлер оқиға орнына жетеді. Жарақат алған баланы Ақсу қалалық ауруханасына жеткізіп, одан соң Павлодар облыстық ауруханасына тасымалдаған. Кішкентай баланың жағдайы құлау кезінде алған бас-ми жарақатына байланысты ауыр деп бағаланды.

— Өкінішке қарай, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан бала ота кезінде қайтыс болды. Алған жарақаттары өте ауыр және өмірмен үйлесімсіз еді. Жыл басынан бері Павлодар облысында балалардың терезеден құлауының үш жағдайы тіркелді, — деп хабарлады өңірлік балалар ауруханасынан.

Балалардың терезеден құлауына қатысты жазатайым оқиғалар Павлодар облысының әр қаласында бір жағдайдан тіркелген. Екібастұзда бала бесінші қабаттан құлаған. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. Зардап шегуші ауруханадан шығарылды. 

Ақсудағы оқиға бойынша полицейлер тексеру жүргізіп жатыр.

— Кәмелетке толмаған жәбірленушінің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша барлық мән-жайларды жан-жақты және объективті түрде анықтауға бағытталған тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Нәтижелері бойынша заңды шешім қабылданады, — деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаментінен.

Еске сала кеетйік, Алматыда жыл басынан бері төрт бала терезеден құлап кетті