Өңір басшысы Асайын Байханов Ақсу қаласында 2019 жылы жаңадан салынып, әлі күнге қаңтарылып тұрған орталық қазандықтың жай-күйі туралы айтты.
- Ақсу қаласын жылытуға арналған жаңа қазандықтың құрылысында әу баста инженерлік қателіктер кеткенін бұған дейін де айтқанбыз. Қазандықтан шығатын жылудың температурасы 110 градус, қысымы шаршы сантиметріне 9,5 кг болуы керек. Алғашқы сынақтарда бұл норманы бағындыру қиынға түсіп, кемшіліктерді жою ұзақ уақытқа созылды. Ендігі арада одан шығатын жылудың тым қымбатқа түсетіні белгілі болып отыр. Егер келер жылы қазандық іске қосылар болса, қаладағы жылу тарифі бірден 2,5 есе өсіп шыға келер еді. Бұл жағдайды болдырмау үшін бюджеттік мекемелерге арналған тарифті 5 есе, ал жеке тұтынушыларға 20 пайыз арттыруды ұсынып отырмыз. Тек осылайша ғана қала тұрғындарына ауыртпалық түсірмейміз, - дейді А.Байханов.
Соңғы жылдары Ақсуда жаңадан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар көптеп салынып жатқаны себепті жылу тапшылығы айқын сезіле бастаған. Ақсу ферроқорытпа зауытында орналасқан ескі қазандықтың қуаты қаланы жылытуға әрең жетіп отыр. Келер жылдың сәуір айында жаңа қазандықта сынақ жұмыстары жүргізіледі. Егер барлығы сәтті жүргізілсе, онда комиссия нысанды қабылдауы ықтимал.
Жалпы Павлодар облысында бүгінде 1,7 мың шақырымдай жылу желісі бар. Оларды жыл сайын жаңартуға бөлінетін қаражат небәрі 100 шақырымға жетеді. Мұндай қарқынмен барлық жылу құбырларын жаңалап шығуға 17 жыл уақыт кетер еді. Өңір Үкіметтен бұл бағытқа бөлінетін қаражатты екі есе көтеру туралы ұсыныс жасап отыр.
Ақсу қаласында 50 700 адам тұрса, тұрғын үйлердің 257-сі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Шаһардағы жылу желілерінің ұзындығы 90 шақырымдай болады. Жылу құбырларының 67 пайызы тозған.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсан күні таңғы жетілерде Ақсудың жылу жүйесінде апат болып, үйлерде жылу төмендеп кетті.
Жылу жүйесіндегі апаттық жағдай сол күні түстен кейін жойылып, кешкілік жылу параметрлері қалпына келді.