Ақсудың жылу жүйесінде апат болып, үйлерде жылу төмендеп кетті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Салдарынан қазір шаһардағы барлық тұрғын үй мен әлеуметтік мекемеде, өндірістік ұйымдарда жылу батареялары салқындап, жұртшылық тоңа бастады. Қала әкімдігі жылумен жабдықтау 2-3 сағатта толықтай қалпына келтіріледі деп сендіріп отыр.
Ақсу қаласының халқы бүгін таңертеңнен жылу батареяларының салқындап кеткенін сезді. -18 градус аязда пәтерлерді салқындық жайлады.
-25 желтоқсан күні сағат 07:00-де «Казхром» ТҰК» АҚ АФЗ РОК-2 қазандығындағы №5 және №6 желілік сорғылардың бекіту арматурасының істен шығуына байланысты аталған желілік сорғылар жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін тоқтатылды. Сондықтан Ақсу қаласының жылумен жабдықтау желілерінде жылу беру параметрлері төмендеді. Сағат 09.30-дағы жағдай бойынша істен шыққан ысырмалар бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды, жылу желісінің параметрлері қалпына келтіріліп жатыр. Жылумен жабдықтау параметрлерін қалпына келтірудің болжамды уақыты - 2-3 сағат, - деп хабарлады Ақсу қаласының әкімдігінен.
Оқиға орнында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов болып қайтқан.
Ақсу қаласында бүгінде 50 мыңдай адам тұрады.
Еске сала кетейік, Ақсуда мейрамхана өртеніп, тұрғын үй жарыла жаздаған еді.