Ақтас кентіндегі психиатриялық аурухана пациенттеріне қатыгездік көрсетілгені рас па

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы облысының Ақтас кентіндегі жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық аурухана пациенттеріне қатыгездік көрсетілді деген әлеуметтік желідегі ақпарат ресми тексеру барысында расталмады, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Фото: Polisia.kz

Instagram әлеуметтік желісінде аталған медициналық ұйымдағы пациенттердің құқықтары бұзылғаны туралы ақпарат жарияланған. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті ауруханаға тексеру жүргізді.

Жарияланым авторы өзінің жеке естеліктеріне сүйеніп, оқиғалар 2008 жылы медициналық ұйымның 7, 10 және 12-бөлімшелерінде болғанын мәлімдеген. Бұл ретте автордың дербес деректері көрсетілмеген. Ал сипатталған оқиғалар шамамен 18 жыл бұрынғы кезеңге қатысты.

Қоғамдық резонансқа байланысты тексеру барысында медициналық көмек көрсету кезінде заңнама талаптарының сақталуы, психикалық денсаулық саласындағы медициналық-әлеуметтік көмектің сапасы және пациенттерді дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелері зерделенді.

– 2026 жылғы 7 тамыздағы №127 тексеру нәтижелері туралы актіге сәйкес пациенттерге физикалық шектеу шараларын қолдану, ықпал ету шарасы ретінде дәрілік препараттарды пайдалану және пациенттердің ар-намысына тиетін өзге де әрекеттер туралы мәліметтер өз растауын таппады, – деп мәлімдеді министрлік.

Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желідегі жарияланымда келтірілген мәлімдемелер ресми тексеру барысында анықталған нақты мән-жайларға сәйкес келмейді.

Денсаулық сақтау министрлігі әрбір пациенттің құқықтарын, ар-намысы мен қауіпсіздігін сақтау сөзсіз басымдық екенін атап өтті. Психикалық бұзылыстарды диагностикалау және емдеу Қазақстан заңнамасына және Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-224/2020 бұйрығының талаптарына сәйкес жүргізіледі.

– Министрлік медициналық көмектің сапасына және пациенттердің құқықтарының сақталуына бақылауды жалғастырады, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство көрінеу жалған мәліметтерді тарату олардың мазмұны мен таралу мән-жайларына қарай Қазақстан заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі республикалық психиатриялық ауруханаға тексеру жүргізетіні хабарланды.